Еркеғали Рахмадиев атындағы елордалық Мемлекеттік академиялық филармониясында "Ел қорғау – нағыз ерлер ісі" атты іс-шара өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қарулы күштердің ардагерлері, гарнизон әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі сарбаздары, әскери колледждің ұландары, 10-11 сынып оқушылары – барлығы бір жарым мыңға жуық адам қатысты, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов әскери-патриоттық акцияға қатысушыларға арнап сөз сөйлеп, Отан қорғаушы миссиясының маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жастарға осы абыройлы міндеттің артықшылықтарын да атап өтті. Әскерге шақырылғандарды Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, "Қарулы күштер ардагерлері" РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов та құттықтады. Шара барысында "Аманат" рәсімі өтті. Запасқа шығарылған әскери қызметшілер әскерге шақырылғандарға абыроймен қызмет етуді, антқа адал болуды аманат етті. Мұндай рәсім бүкіл Отан қорғаушы ұрпақтарының бірлігі мен сабақтастығын білдіреді.